17.11.2026. Abai.Media. Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласы маңында май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отырған инвесторлармен кездесті. Жиынға «Verum Group» және «Charterhouse Kazakhstan» компанияларының негізін қалаушы Айғазы Құсайынов пен «Kusto Group» компаниясының негізін қалаушы серіктестерінің бірі Қанат Көпбаев қатысты.
Кездесуде өңірде ауыл шаруашылығы, оның ішінде күнбағыс майын терең өңдейтін жаңа кәсіпорын ашу мүмкіндіктері, зауыт құрылысына қолайлы жер учаскесін таңдау және оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Инвесторлардың айтуынша, жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Олар әуелі 40 гектар аумақта күнбағыс майы өндірісін бастауға ниетті екенін жеткізді. Жоба іске асқан жағдайда өндіріс аумағын болашақта 80–120 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпорын салынатын жердің теміржол желісіне жақын орналасуы, ауыр жүк көліктерінің жыл бойы қатынауына қолайлы болуы және республикалық әрі өңірлік автомобиль жолдарына шығуы маңызды.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Президент алдымызға стратегиялық маңызды міндет қойды – отандық өнім өндірісін арттыру, шикізаттық бағыттан дайын өнім шығаруға көшу және экспорттық әлеуетті еселеп арттыру. Осы жағдайда өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін жаңа заманауи кәсіпорындарды іске қосу – уақыт талабы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Аягөз ауданында жаңа май экстракциялау зауыты салынса, өңір экономикасына септігін тигізетіні анық. Бұл өңірдің болашағы зор. Өйткені, қазіргі таңда «Бақты – Аягөз» теміржолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Бақты» кеден бекеті арқылы Қытай нарығына да шығуға мүмкіндік бар. Осы жобалардың барлығы өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, болашақ зауыттың дайын өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдауына қолайлы жағдай жасайды. Бұл инвесторларды білеміз. Облыста инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр. Біз өз тарапымыздан инвесторларға барынша қолдау көрсетуге, қажетті инфрақұрылымды тартуға және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға дайынбыз
деді Берік Уәли
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ