13.06.2026. Abai.Media. Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Бесқарағай ауданына барды. Әуелі Бөдене ауылындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Облыс әкімі ауылдағы орта мектепте болды. 1988 жылы салынған білім ордасында бүгінде 65 оқушы білім алады. Мектепте 22 мұғалім еңбек етеді.
2022-2025 жылдар аралығында мектептің жылу жүйесі, қазандығы, шатыры, қасбеті, инженерлік желілері мен спорт залы жөндеуден өткізіліп, физика кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, балалар ойын алаңы салынып, қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Мектеп директоры аймақ басшысына білім ордасының акт залына жөндеу қажеттігін айтып, осы мәселенің шешім табуына көмек көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі мектепті аралап, материалдық-техникалық базасымен танысып, мұғалімдермен пікір алмасты. Осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Елді мекен тұрғындары ауыз су, жолға асфальт төсеу, футбол алаңын салу секілді мәселелерді көтерді.
Ауылдарыңызға арнайы келіп отырмын. Мектептің жағдайымен танысып, ішін аралап көрдім. Білім ошағы заманауи талаптарға сай жабдықталған екен. Ғимарат кең әрі жарық, терезелері жаңартылған, жаңа кабинеттер ашылған. Балабақша да осы жерде орналасқан. Көтеріліп отырған мәселелердің барлығын жақсы білемін. Алдағы уақытта шешу жолдарын қарастырамыз. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады
деді Берік Уәли
Бұдан кейін аймақ басшысы Бөдене ауылдық клубының жұмысымен танысты. Мәдениет ошағы 2023 жылы пайдалануға берілген. Ғимаратта екі жұмыс бөлмесі мен 50 орындық көрермен залы орналасқан. Мұнда ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп келеді.
Клуб жанында бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Атап айтқанда, әжелерден құралған әншілер және бишілер тобы бар. Сондай-ақ, «Асыл-ай» өнер ұжымы ауыл мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Көркемөнерпаздар тобы тұрақты түрде өнер көрсетіп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып отырады. Ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында клуб ғимаратында аптасына үш рет фитнес сабақтары өткізіледі.
Аймақ басшысы клуб ішін аралап көріп, өнер иелерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ауыл мәдениетін жаңғырту бағытында былтыр ауданның Бөкебай, Өндіріс, Малая-Владимировка, Қоянбай, Бозтал, Долон және Бөдене ауылдарында жаңа 50 орындық ауылдық клубтар ел игілігіне берілді. Биыл Беген, Ерназар және Глуховка ауылдарында 100 орындық жаңа клубтардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан тұрғындарына 1 мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 1 орталық және 19 ауылдық кітапхана қызмет көрсетеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ