04.06.2026. Abai.Media. Абай облысының Үржар ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай ауқымды рухани-мәдени іс-шаралар өтті. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен ұйымдастырылған бұл тағылымды шара Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Үржар ауданы әкімдігінің тікелей қолдауымен жоғары деңгейде жүзеге асырылды.
Мерейтойлық іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының белгілі қаламгерлері, Астана, Алматы және Семей қалаларынан келген арнайы делегация мен аудан тұрғындары қатысты. Шараның қадірлі қонақтары ретінде жазушының ұлы Арман Қабдешұлы, сондай-ақ, елімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек пен ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы, академик, профессор Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов арнайы келіп, тағылымды жиынның төрінен табылды.
Шараның басты бөлігі Үржар ауданында – ұлт әдебиетінің алып тұлғасы мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекенде басталды. Жазушы рухына тағзым жасалып, арнайы құрбандық шалынып, Құран бағышталды. Сондай-ақ, жазушы ұрпақтары мен келген қонақтар зират басына ағаш екті. Бұл – халқымыздың ардақты перзентіне деген құрметі мен ұлт руханиятына деген адалдығының айқын көрінісі.
Зиярат рәсімінен кейін Үржар ауылында қаламгердің рухына арналып Құран-қатым түсіріліп, ас берілді. Ақ дастарқан басында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен әңгімеленіп, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Мерейтой аясында Үржар аудандық мәдениет үйінде «Дәуірдің дарабоз жазушысы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын барысында Қабдеш Жұмаділовтің ұлт тарихын, қазақтың тағдырын, азаттық рухын көркем сөзбен өрнектеген бірегей тұлға екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, көрермен назарына жазушының бай шығармашылығына арналған, заманауи QR-кодтармен жабдықталған арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
Мұндай игі шаралар ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін ұлықтап қана қоймай, олардың өнегелі өмір жолы мен бай мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға қызмет ететіні сөзсіз.
Ұлттың ұлы тұлғаларына көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым, болашаққа аманат. Қабдеш Жұмаділовтің жарқын бейнесі мен мол мұрасы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталып, келер ұрпаққа рухани бағдар болып қала береді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ