03.06.2026. Abai.Media. Абай гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары Балқаш қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына аттанды. Жазғы демалыс аясында 20-ға жуық бала сауықтыру лагерінде тынығып, түрлі танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады.
Темiржол вокзалында ата-аналар балаларын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжановаға табыстап, олардың қауіпсіздігі мен алып жүру жауапкершілігін жүктеді.
Іс-шара Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі бірлескен жоспары аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, Абай гарнизоны бойынша биыл 100-ден астам әскери қызметшінің баласын Балқаш және Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жіберу жоспарланып отыр.
Балаларымыздың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризамыз. Бұл лагерьде балалар жаңа достар тауып, қызықты демалыс өткізумен қатар, пайдалы білім мен тәрбие алады деп сенемін
деді әскери қызметші Айгерім Тлеубергенова
Ал лагерьге жол тартқан оқушылардың бірі Айару Серік өз әсерімен бөлісті.
«Балдәуренге» алғаш рет бара жатырмын. Жаңа достар тауып, түрлі жарыстар мен экскурсияларға қатысуды асыға күтіп жүрмін. Демалысым қызықты өтетініне сенімдімін
дейді оқушы
Айта кетейік, мұндай бастамалар әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетумен қатар, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына және патриоттық тәрбиесіне оң ықпал етеді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі