Әкімдік отырысы өтті

27.04.2026. Abay.Media. Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі өңірлік квотаның орындалуы және Семей қаласының даму жоспары қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов, жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алмас Тоқсанбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы Айман Нұрлыбек, Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндады.

Өңірде 2022-2025 жылдар аралығында 481,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Айналымға енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Былтырғы жылдың IV тоқсанында жоспарланған 70,8 мың гектардың орнына 74,3 мың гектар жер айналымға енгізілген. Биылғы жылдың I тоқсанында 132,5 мың гектар жоспарланған болса, 135,1 мың гектар жер айналымға енгізілді.

Бұдан бөлек Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 983,7 гектар жері пайдалануға болатын жерлер құрамына ауыстырылды. Оның ішінде 473,5 мың гектар жер Жаңасемей ауданына бекітіліп, кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға енгізіледі.

Биыл облыста пайдаланылмай жатқан 90 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмысы басталып, бүгінде 71,1 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жылдық жоспардың 79%-ын құрайды. Қайтарылған жерлердің басым бөлігі жалдау мерзімінің аяқталуы, сот шешімдері және ерікті түрде қайтару есебінен жүзеге асқан.

Облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстың маңызына тоқталып, жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану және қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу жөніндегі тапсырмасы өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін түсінуіміз қажет. Берілген тапсырмаға сәйкес 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы алқаптары тұрақты айналымға енгізілуі керек

деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы аудан әкімдеріне жерлерді айналымға енгізу жұмыстарын қатаң бақылауға алуды, бұл бағытта инвесторларды тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, облыста еңбек нарығындағы теңгерімді сақтау мақсатында қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Абай облысы да қабылдаушы өңірлер қатарына енгізіліп, бағдарлама аясында облыс құрылғаннан бері 811 отбасы немесе 2 289 адам қоныстандырылды. Олардың басым бөлігі Семей қаласы, Жарма және Үржар аудандарына орналасқан. Жалпы 2022-2025 жылдары жоспарлы көрсеткіштер кезең-кезеңімен орындалды. Ал биыл белгіленген 539 адамдық квотаның 67,7%-ы игерілді.

Қоныс аударған азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Еңбекке жарамды азаматтардың 71,4%-ы жұмыспен қамтылып, оның ішінде көпшілігі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Біздің басты мақсат – қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру және азаматтардың біздің өңірде тұрақты орналасуын қамтамасыз ету. Барлық деңгейдегі әкімдер мен жауапты мемлекеттік органдар, қоныс аудару процесін сапалы іске асыру үшін жүйелі және үйлестірілген жұмыс жүргізуі қажет. Қазіргі таңда облысымызда «Қаладан – ауылға» жобасы жүзеге асырылуда. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру керек

деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

Состоялось заседание акимата

27.04.2026. Abay.Media. Сегодня под председательством главы региона Берика Уали состоялось заседание акимата. В ходе встречи …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *