16.04.2026. Abai.Media. Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің сарбаздары өткен аптада ашық терезе алдында ойнап жүрген балаларды байқап, жазатайым оқиғаның алдын алған болатын. Әуезов даңғылын патрульдеу кезінде әскери жасақ көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатында ересектердің қарауынсыз ашық терезенің жанында тұрған кішкентай баланы байқайды. Жағдайдың қауіптілігін сезген мерзімді әскери қызметшілер құлап кеткен жағдайда баланы қағып алуға үлгеру үшін терезе астында тұрған. Сонымен қатар оқиға орнына полиция шақырып, ата-анасы келгенге дейін баланың қауіпсіздігі толық бақылауға алынды.
Қырағылық пен жедел әрекет ескерусіз қалған жоқ. Әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы, патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әли Сағымбаев Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан арнайы алғыс хатпен марапатталды.Бұдан бөлек, ефрейтор Дәулет Сейдалы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісіне ие болды. Ал патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы жауынгер Әли Сағымбаевқа әскери бөлім командирінің шешімімен он күндік демалыс берілді. Ал, рота командирі ел алғысына бөленген сарбаздарға қол сағат табыстады.
Марапат иелері өз кезегінде мерзімді қызметтен кейін де ел қауіпсіздігіне бейжай қарамай, қоғам игілігі жолында қызмет етуге әрдайым дайын екендерін жеткізді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі