Облыс әкімі ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Алма Шүкіжановамен кездесті

27.11.2026. Abai.Media. Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Алма Шүкіжановамен кездесті.

Алма Сайдахметқызы – жарты ғасырдан астам ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнап келе жатқан жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. Елу жылдан астам уақыттан бері Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Ұлағатты ұстаз еңбек жолында оқушылардың қабілетін ашуға, олардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыруға және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына ерекше көңіл бөледі. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Алма Сайдахметқызы заманауи оқыту әдістерін тәжірибеге енгізіп, жинақтаған мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді.

Кездесуде өңірдегі білім саласының дамуы, оқыту сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және жас педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру мәселелері сөз болды.

Алма Сайдахметқызы көп жылғы ұстаздық тәжірибесіне сүйене отырып, білім беру ісін жетілдіруге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесуде ұстаз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, сондай-ақ, жетім балаларға математика пәнінен тегін қосымша сабақ өткізу туралы ұсынысын айтты. Семей қаласындағы Оқушылар сарайынан арнайы кабинет бөлінсе, балалардың біліміндегі олқылықтарды толықтыруға, сабақ үлгерімін жақсартуға және психологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Аймақ басшысы ардагер ұстаздың білім беру саласына қосқан үлесін жоғары бағалап, көп жылғы қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

Ұстаздың еңбегі мемлекет пен қоғам үшін қашанда құнды. Сіз саналы ғұмырыңызды ұрпақ тәрбиесіне арнап, талай шәкірттің ғылым мен білімге деген құштарлығын ояттыңыз. Шәкірттеріңіздің республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері педагогтік шеберлігіңіз бен тынымсыз ізденісіңіздің нәтижесі. Сіздің бай тәжірибеңіз бен ұстаздық жолыңыз жас педагогтерге үлкен өнеге. Өңіріміздің білім саласын дамытуда Сіз секілді тәжірибелі ұстаздардың пікірлері мен ұсыныстары аса маңызды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, сондай-ақ, жетім балаларға математика пәнінен тегін қосымша сабақ өткізу туралы бастамаңызды қолдаймыз

деді Берік Уәли

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

Аким области встретился с заслуженным педагогом, Героем Труда Казахстана Алмой Шукижановой

27.11.2026. Abai.Media. Сегодня глава региона Берик Уали встретился с заслуженным педагогом, Героем Труда Казахстана, внештатным …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *