Облыс әкімі Семей теміржол вокзалының жұмысымен танысты

09.09.2026. Abai.Media. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту қолға алынған. Оның 10-ы Абай облысында орналасқан.

Семей теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары былтыр шілдеде басталған. Жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, сыртқы желілер салынып, ғимаратқа монолитті кеңейту қарастырылған. Жөндеу кезінде жолаушыларға уақытша қызмет көрсету орындары қамтамасыз етілген. Жобаны қазан айында аяқтау көзделіп отыр.

Облыс әкімі вокзал ғимаратындағы жұмыстардың барысын қарап, жөндеу сапасы мен мерзіміне баса назар аударды.

Бұл нысан Үкімет тарапынан қатаң бақылауда. Сондықтан жұмысты барынша жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Уақыт аз қалды. Құрылыс қарқынын күшейткенмен, сапаға нұқсан келмеуі тиіс. Вокзалдың ішкі жұмыстары мен айналасын абаттандыру қатар жүргізіліп, бір-бірімен үйлесуі керек. Семей – облыс орталығы. Қалаға келетін жолаушының алғашқы әсері осы жерден басталады. Сондықтан вокзал да, оның айналасы да талапқа сай болуы қажет, – деді Берік Уәли.

Өңірде вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Маусым айында елімізде алғаш болып Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының теміржол вокзалдары толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Тамыз айында Курчатов қаласындағы Дегелең станциясында жаңадан салынған теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсете бастады.

Сонымен қатар Жарма ауданындағы Шар, Үшбиік, Жарма және Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл станцияларының жаңартылған теміржол вокзалдары іске қосылды. Аягөз қаласы мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

В Семее активно продолжаются работы по благоустройству

09.09.2026. Abai.Media. В областном центре продолжается обновление общественных пространств и создание комфортной городской среды. В …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *