Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

15.06.2026. Abai.Media. Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмыстың тиімділігі, сондай-ақ, 2026 жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров, балалар құқықтарын қорғау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Әбілдаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндады.

Биылғы бес айда облыста 253 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 65-і балалардың қатысуымен болған. Облыста жол-көше желісінің маңында орналасқан 331 білім беру нысанының 283-і қажетті жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген.

Өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Басқарма білім беру ұйымдарында жол қозғалысы ережелері бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеді. «Жол қауіпсіздігін білейік», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Жол қозғалысын, қауіпсіздігін сақтайық!» тақырыптарында сынып сағаттары, «Адал азамат» бағдарламасы аясында қауіпсіздік сабақтары, полиция қызметкерлерімен бірлескен кездесулер ұйымдастырылды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2024-2025 жылдары облыс бойынша балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 944 жол белгісі орнатылып, 380 жол белгісі жаңартылды. Сондай-ақ, 294 метр жасанды жол кедергісі, 7 бағдаршам орнатылып, 300 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, қосымша жол белгілерін орнату, көше жарығын жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігіне барлық мемлекеттік органдар жұмыла атсалысуы қажет екенін атап өтті.

Бұл бағыттағы жұмыс тек полицияның немесе білім беру ұйымдарының міндеті емес. Балалардың қауіпсіздігі – барлық мемлекеттік органдардың, қала және аудан әкімдерінің, сондай-ақ, ата-аналардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан профилактикалық жұмыстың нақты нәтижесіне баса назар аудару қажет. Біз үшін өткізілген іс-шаралардың саны емес, олардың тиімділігі маңызды. Әрбір өңірде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының себептері жан-жақты талданып, олардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдануы тиіс.

деді Берік Уәли

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша облыста 6201 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 3664 адам тұрақты, 2537 адам уақытша жұмыс орындарына орналасқан. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 46 инфрақұрылымдық жоба бойынша 374 адам жұмыс тапқан. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына 2184 адам жолданған.

Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында облыста жаңадан құрылған кәсіпорындарға 1425 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен ұйымдардағы бос жұмыс орындарына 2218 адам жұмысқа қабылданды.

Әрбір көрсеткіштің артында нақты адамдардың жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік әл-ауқаты тұрғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдер мен жауапты мемлекеттік органдар бұл жұмысты ерекше бақылауда ұстауы тиіс және жұмыспен қамту көрсеткіштерінің орындалуы бойынша нақты әрі нәтижелі жұмысты талап етемін, – деді облыс әкімі.

Кеңес қорытындысында аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, белгіленген көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

Казахстан и Грузия: партнерство в сфере государственных услуг

15.06.2026. Abai.Media. Государственная корпорация «Правительство для граждан» и Дом юстиции Грузии подписали меморандум о сотрудничестве, …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *