Гидроэнергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды

26.05.2026. Abai.media. Облыс әкімі Берік Уәли «JelSu Energy» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов бастаған инвесторлармен кездесті.

Кездесуде гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланып, аймақ басшысы мен «JelSu Energy» компаниясы директоры Әділет Кенжебеков өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында Абай облысы аумағындағы Ертіс өзенінде жалпы қуаттылығы 900 мегаватт болатын Белокаменская, Ақжар, Известковская су электр стансалары құрылысын іске асыру жоспарланып отыр. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жобалар аясында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру көзделген.

Абай облысы инвестиция тарту жағынан елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Сондықтан біз былтыр облысқа қаражат салуға, инвестиция жасауға шешім қабылдаған болатынбыз. Энергетика – жетекші саланың бірі. Электр қуатын генерациялау, әлбетте, өте маңызды іс. Біз Абай облысының гидроэнергетика саласының дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Бұл сала дамыса, ауыл шаруашылығы, оның ішінде балық шаруашылығы, туризм, білім салалары да өркендейді. Өңірге гидротехник мамандар келеді. Бұл бағытта сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әзірміз

деді Шыңғыс Құлжанов.

Аймақ басшысы инвесторларға өңірге деген қызығушылықтары үшін алғыс айта отырып, алдағы уақытта жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергетикалық қауіпсіздік пен жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Өңірімізде гидроэлектростанциялар салу жобаларын іске асыру – облыс үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Бүгінгі кездесу аясында біз ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған өзара диалогтың жалғасы ретінде гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылап, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып отырмыз. Бұл жобалардың өңіріміз үшін маңызы жоғары. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз

деді Берік Уәли

Облыста инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге жетті. Биыл жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

В области Абай подписан меморандум о реализации проектов в сфере гидроэнергетики

26.05.2026. Abai.Media. Аким области Абай Берик Уали встретился с инвесторами во главе с председателем совета …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *