Семейде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

06.05.2026. Abai.Media. Бүгін Семейдегі Абай атындағы театрда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Елім деп соқсын жүрегің!» атты салтанатты жиын өтті.

Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір жұртшылығын құттықтады. Аймақ басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген барша әскери қызметшілер мен құқық қорғау саласының өкілдеріне алғысын білдірді. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жан аямай күрескен майдангерлердің, тынымсыз еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі мен еңбегі ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.

Халқымыз үшін үлкенге құрмет – ұлттың ұстанымы, батырға тағзым – елдіктің белгісі. Сондықтан бұл күндер – тек мереке ғана емес, ұрпақ санасына отансүйгіштік пен елдік рухты сіңіретін тағылым мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әскери борышты өтеу – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы» – деп айрықша атап өткен болатын. Шын мәнінде, Отанды сүю сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Елге қызмет ету – ерге сын, ел қорғау – ерге мұрат. Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті». Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі майдан даласында оққа кеудесін тосқан батырлардың, тылда тынымсыз еңбек еткен аға буынның, ел үшін жанын қиған қаһармандардың қасиетті аманаты. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі ұрпақтың борышы

деді Берік Уәли

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы 36803 әскери бөлімінің командирі, полковник Мұрат Әкімбаевқа Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Сонымен қатар прокуратура органдарының құрметті ардагері, генерал-майор Жақсылық Байтұқбаев, «Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Ахмет Матаев, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Станислав Сәрсеков «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Мерекелік кеш барысында әскери-патриоттық және вокалды-хореографиялық композициялар қойылып, көрерменге театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Сахнада ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Семей филиалының әскери оркестрі, «Арлан» тобы, «Еркебұлан-Бауыржан» дуэті, облыстық филармония әртістері мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Өңірімізде әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда облысымыздағы білім беру ұйымдарында 7 мыңнан астам жасөспірім «Жас сарбаз» қозғалысының құрамында тәрбиеленіп келеді. Жуырда Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында өткен халықаралық әскери-спорттық жарыста Қазақстан намысын қорғаған облысымыздың «Абай қырандары» командасы жүлделі екінші орынды иеленді. Былтыр өңір бойынша ел шебін қорғауды абырой санайтын 9 794 жас әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

В Семее состоялось торжественное мероприятие, посвященное Дню защитника Отечества и Дню Победы

06.05.2026. Abai.Media. Сегодня в театре имени Абая в Семее прошло торжественное собрание «Елім деп соқсын …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *