31.03.2026. Abai.Media. «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес 2026 жылдың 31 наурызынан бастап Ділдар Қалиқанұлы Қалиқан Бесқарағай ауданының әкімі болып сайланды.
29 наурызда Бесқарағай ауданында өткен аудан әкімін тікелей сайлау қорытындысында Ділдар Қалиқан басым дауыспен жеңіске жетті.
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін оны аудан активіне таныстырды.
Былтырдан бастап «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес облыстық маңызы бар қала, аудан әкімдерін халық өзі, тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады. 2023 жылы пилоттық режимде Курчатов қаласы мен Абай ауданының әкімдері сайланды. 2025 жылы өңірде Жаңасемей, Көкпекті аудандарының және Семей қаласы әкімдерінің сайлауы өтті. Айта кету керек, Семей қаласы әкімінің сайлауы еліміздің тарихындағы алғашқы облыс орталығы әкімінің сайлауы болды.
Жиын барысында Бесқарағай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бауыржан Баталов Ділдар Қалиқанұлы Қалиқанға әкім куәлігін тапсырды.
Ділдар Қалиқанұлы – мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол, білікті басшы. Бесқарағай ауданы – ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор өңір. Мұнымен қоса орман шаруашылығы саласында мүмкіндіктері жоғары аймақ, себебі ауданның жер көлемінің 40 пайызын орман алқаптары алып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Әрине, өзінің ерекшеліктері мен қордаланып қалған мәселелері де бар. Сондықтан, Ділдар Қалиқанұлы Бесқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымының жақсаруы мен көркеюіне барлық күш-жігеріңізді саласыз деп сенемін
деді облыс әкімі.
Ділдар Қалиқанұлы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын бизнес құрылымдарында бастады. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі бөлімінің бас маманы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Зайсан және Катонқарағай аудандарында әкімнің орынбасары, Катонқарағай ауданының әкімі, Абай облысы әкімінің кеңесшісі болды. 2025 жылдың 25 желтоқсанынан осы уақытқа дейін Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ