15.08.2025. Биыл Бородулиха ауданында көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның барысында республикалық, облыстық, аудандық және ауыл көшелерінің жолдары орташа жөнделу үстінде.
Республикалық маңызы бар «Семей – РФ шекарасы» автожолының 19–46 шақырымында ресайклинг әдісімен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, облыстық деңгейде «Бородулиха – Жезкент» (0–12 км) және «Дмитриевка – Бородулиха – облыс шекарасы» (29–33 км, 63–67 км) учаскелері жөнделуде. Мердігер компания – «Семей жолдары» ЖШС.
Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 337 шақырымды құрайды. «Новопокровка – Бел-Ағаш» (0–10 км) бағытында 4 шақырым шұңқыр жамалып, 3 шақырымы тегістелді. «Бородулиха – Жерновка – Пол-Лог» (5,5–13,5 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Песчанка ауылындағы бес көше жөнделуде, Зенковка ауылындағы төрт көшенің жұмыстары толық аяқталды.
Барлық жобалардың сапасын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бақылайды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ