08.04.2025. Семей қаласында 2024-2025 жылғы жылыту маусымы аяқталуға жақын. Қала әкімі Талғат Мұратов жылыту маусымының нәтижесі мен келесі маусымға дайындықты жоспарлау үшін жиын өткізді, деп хабарлайды Abai.Media.
Биыл жылыту маусымы ақаусыз өтіп, орталықтандырылған жылыту жүйесімен барлығы 2 535 тұрғын үй, 2 404 заңды тұлға (ЖШС, АҚ, ЖК), 134 білім беру мекемесі, 37 денсаулық сақтау ұйымы, 26 әкімшілік ғимарат қамтылды.
Ауа райының жылынуына байланысты қалада 10 сәуірден бастап жылу беру кезең-кезеңімен өшіріле бастайды.
2024 жылы жоспар бойынша ЖЭО–1 және 9 жылу көзінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 3,76 шақырым болатын ОЖП-518 және кварталіші жылу желілерінің реконструкциясы аяқталды. Ал 2025 жылы 12 жылу көзін жөндеу жоспарланған.
Аталған жұмыстар келесі жылу маусымына дайындықты сапалы түрде қамтамасыз ету мақсатында жүргізілмек.