Өскеменде жауынгерлер есімі ұлықталды

26.12.2024. Өңірдегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының өркен жаюына Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қарқынды үлес қосуда. Оның бір айғағы күні кеше Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №24 орта мектебінде өткен оқушылардың ант қабылдау рәсімі.

Білім алушылар үшін маңызы бөлек іс-шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты.

— Шара мақсаты әскерге дейінгі жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан біз аймақтағы «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз

дейді отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.

Шара барысында білім ордасында кадет сыныптары ашылып, оларға Тәжік-Ауған шекарасында шейіт болған он жеті жауынгердің есімдері берілді. Білім ордасындағы кадет взводтары Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Анатолий Мешков есімдерімен аталынды. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды. Шара соңында ұйымдастырушы тарап, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, бейбіт өмірге қол созған батырларды еске алу мен құрметтеу әрдайым ұрпақ жадында сақталуы тиіс екендігін сөз етті. Еске салайық, дәл осындай кадет сыныптары бір ай бұрын қаладағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебінде де ашылған болатын.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Check Also

Белгілі жазушы Өскеменде сарбаздармен кездесті

16.04.2025. Белгілі жазушы Әлібек Қаңтарбаев Ұлттық ұлан сарбаздарына шығармашылық жолы, өмірінен алынған қызықты сәттері жайында …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *