Абай облысында демалыс маусымына дайындық мәселелері талқыланды

06.04.2026. Abai.Media. Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында демалыс және туристік орындардың дайындығы, таза ауыз сумен қамту жобаларының іске асырылу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша туризм басқармасының басшысы Бекжан Бапышев, Мақаншы, Бесқарағай, Абай аудандарының әкімдері және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов баяндады.

Абай облысында қазіргі таңда туристік әлеуеті жоғары аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және туристер ағынын арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Өңірдің негізгі туристік нысандарының бірі – Алакөл жағалауы. Қазіргі таңда бас жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстары басталды. Соған сәйкес аумақ 300 гектардан 3000 гектарға дейін ұлғаяды. Абай облысының 2026-2028 жылдарға арналған Алакөл жағалауында туризімді дамыту жол картасы бекітілді. Жоба 4 бөлімнен тұрады және 43 іс-шараны қамтиды.

Жағалаудың қысқаруына байланысты 3 шақырым аумақта жағалауды нығайту, электр тапшылығын шешу үшін жаңа электр желілері мен қосалқы станциялар, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу, су және кәріз желілерін орнату жобалары әзірленді. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көл жағалауында өрт сөндіру депосы салынды. Жасанды интеллект элементтерімен интеграцияланған қосымша 137 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Жағалау аумағында абаттандыру, жарықтандыру жұмысы жүргізіліп, жаяу және веложолдар, санитарлық нысандар салынады.

Облыста туризм саласын дамыту, оның тиімділігін арттыру және туристік әлеуетті күшейту мақсатында тиісті жергілікті атқарушы органның қарамағындағы ведомстволық бағыныстағы «VISIT ABAI» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Барлық туристік нысандар «Abai Travel» мобильді қосымшасы мен VISITABAY.KZ платформасында біріктіріледі. Бұл брондау, навигация және ақпарат алуды жеңілдетеді.

Өңірде туризмді дамыту мақсатында Абай және Бесқарағай аудандарында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бесқарағайдағы Шипалы көлінің суы мен балшығының емдік қасиеті емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Осы бағытта 2026-2028 жылдары құны 4 млрд теңге болатын инвестициялық жоба аясында заманауи балшықпен емдеу орталығы, санаторий және демалыс аймағын салу жоспарлануда.

Абай ауданында 4 кезеңнен тұратын «Taukum Жидебай» этно-кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру және инженерлік коммуникациялар тарту басталды. Жыл соңына дейін «Сақ» моншасы, глемпинг және тұрғын үйлердің құрылысын салу көзделген.

Аймақ басшысы жиында тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне Алакөл жағалауы мен оған іргелес аумақтарда басталған инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру бағытындағы шараларды уақтылы аяқтап, Шипалы көлі аумағында жол, электр және санитарлық жұмыстарды жүйелеу қажеттігін айтты.

Жазғы маусым жақындап келеді, осыған байланысты өңіріміздегі туристік нысандардың инфрақұрылымы, санитарлық жағдайы, қауіпсіздік шаралары және қызмет көрсету сапасы толықтай талапқа сай болуы қажет. Туризм – облыс экономикасының маңызды салаларының бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру – баршамызға ортақ міндет. Сол үшін бұл бағытта жүйелі әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізілуі тиіс. Әр ауданның мүмкіндігі, өз ерекшелігі бар. Соны тиімді пайдалану керек. Әр ауданның әкімі туризмді дамыту үшін инвестор тарту жұмысын күшейтуі қажет

деді Берік Уәли.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бойынша 32 жоба іске асырылуда. Оның 21-інде құрылыс жұмыстары аяқталған.

Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне сумен қамту нысандарын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді, құрылыс барысын күнделікті бақылауда ұстап, жұмыстың сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Check Also

В Семее открылась новая школа на 300 мест

06.04.2026. Abai.Media. Сегодня в поселке Восточный города Семей в рамках национального проекта «Келешек мектептері» введена …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *