21.02.2025. Абай облысының орталығы Семей қаласында орта мектептер мен колледждердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті.
Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж базасында өткен шара «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы -ұйымдастырушыларының кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында өткізілді.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жиынның өтуіне Қорғаныс зерттеулер департаментінің «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамы мұрындық болды. Онда барлық мектептер мен колледждер жетекшілері қатысып іс-тәжірибесімен бөлісті. Конференцияда сөз алған Қорғаныс зерттеулер департаментінің «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамының бас сарапшысы запастағы полковник Ерлан Зәкиев барлық жетекшілермен ой бөлісіп, алға қойған мақсаттар мен міндеттерін іске асыру барысын талқылады.

Басқосуда сондай-ақ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Дархан Ажибаев, Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров баяндамаларын оқып, тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ іс шарада Төтенше жағдайлар департаментінің, өңіріміздің шекара қызметі мен Ұлттық ұланның өкілдері өз баяндамаларын жасады. Жиында аталған ведомствалардың киім үлгілері мен қару-жарақ және арнайы жабдықтары қатысушылардың назарына ұсынылды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі