12.11.2024. Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы баяндады, деп хабаралайды Abay.Semey.press. Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттің жалпы саны 10%-ға төмендеуіне қарамастан жылыту кезеңінде өсім 75%-ға дейін жетті.
Аймақ басшысы атап өткендей, өрт санының артуы азаматтардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауымен байланысты. Өрттің негізгі себептерінің қатарында отқа абайсыз қарау – 21 жағдай, пештерді пайдалану ережелерін бұзу – 20 жағдай, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі бұзушылықтар – 17 жағдай.
Жылыту маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу үшін облыста 2024-2025 жылдарға арналған өрттің алдын алу жоспары жүзеге асырылуда. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінеді. Жеке секторда тұратын осындай 5184 отбасы тіркелген.
Облыстық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аталған отбасыларға барып, 3007 өрт қауіпсіздігін бұзу фактісін анықтады. Оларды жою үшін жергілікті атқарушы органдар жылыту маусымы басталғалы 1342 датчик орнатып, жалпы саны 9080-ге жетті.
Датчиктерді дер кезінде орнатудың арқасында 2024 жылы 18 адам аман қалды. Оның 9-ы балалар. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда, бұл мәселе Абай облысы әкімдігінің ерекше бақылауында.